Бүгін теннистен US OPEN 2025 басталады: жеребе, сыйақы қоры, қазақстандықтар

Ерик Ильясов

Бүгін маусымның соңғы «Үлкен дулыға» турнирі US Open турнирінің негізгі кезеңі Нью-Йорк қаласындағы USTA Билли Джин Кинг ұлттық теннис орталығында басталады, деп хабарлайды ulyssport.kz

Коллаж

Турнир қашан басталады?

US Open турнирінің негізгі кезеңі 24 тамыз, жексенбі күні Нью Йорк уақыты бойынша сағ. 11:00-де басталып, 7 қыркүйек, яғни жексенбі күні аяқталады.

Жекелей сынның іріктеу матчтары 21 тамыз аяқталған болатын. Қазақстандық теннисшілерден Бейбіт Жукаев, Дмитрий Попко және Михаил Кукушкин бақ сынап, негізгі кезеңге жолдама ала алмады.

Қазіргі чемпиондар кімдер?

Былтыр жекелей сында әйелдер бойынша Арина Соболенко (Беларусь) өзінің үшінші «Үлкен дулыға» титулын осы US Open турнирінде жеңіп алды. Финалда Джессика Пегуланы (АҚШ) 7-5, 7-5 есебімен ұтты. Соболенко дәл қазір әлемнің, сәйкесінше, турнирдің бірінші нөмірлі ракеткасы.

Сондай-ақ, жұптық сында Людмила Киченок (Украина) пен Елена Остапенко (Латвия) аталмыш категорияда өздерінің алғашқы «Үлкен дулыға» титулына қол жеткізді. Олар ақырғы матчта Кристина Младенович (Франция) пен Чжан Шуайды (Қытай) 6-4, 6-3 есебімен ұтып кетті. Алайда биыл жеңімпаз жұп титулдарын бірге қорғамайды: Киченок Эллен Переспен (Аустралия), ал Остапенко Барбора Крейчиковамен (Чехия) бірге ойнады.

Сара Эррани мен Андреа Вавассори (Италия) 2024 жылы аралас жұптар арасында өздерінің алғашқы «Үлкен дулыға» титулына қол жеткізді. Итальян жұбы биыл жаңа форматта өткен турнирде (19-20 тамыз) жеңімпазы атағын сәтті қорғады: олар финалда Ига Швёнтек (Польша) пен Каспер Руудтан (Норвегия) 6-3, 5-7, [10-6] басым түсті.

Ерлер бойынша жекелей категорияда Янник Синнер (Италия) финалда Тейлор Фрицті (АҚШ) 6–3, 6–4, 7–5 есебімен ұтып, US OPEN-2024 чемпионы атанған болатын.

Ал жұптық сында Макс Пёрселл мен Джордан Томпсон (Аустралия) жұбы жеңімпаз атанды. Олар финалда Кевин Кравиц пен Тим Пютцті (Германия) 6–4, 7–6(7–4) есебімен ұтып кетті.

Жекелей сындағы рейтинг ұпайлары мен сыйақы қоры:

Кезең Рейтинг ұпайы Жүлде сомасы
1-айналым 10 ұпай $110,000
2-айналым 70 ұпай $154,000
3-айналым 130 ұпай $237,000
1/8 финал (16 тур) 240 ұпай $400,000
1/4 финал 430 ұпай $660,000
Жартылай финал 780 ұпай $1,260,000
Финалист 1300 ұпай $2,500,000
Чемпион 2000 ұпай $5,000,000

Биыл US OPEN турнирінің жүлде қоры 90 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл рекордтық көрсеткіш. Жекелей сынның жеңімпазы 5 миллион АҚШ долларын қолына ұстайды.

Турнир кестесіндегі топ ойыншылар кімдер?

Ерлер арасында:

  1. Янник Синнер

  2. Карлос Алькарас

  3. Александр Зверев

  4. Тейлор Фриц

  5. Джек Дрейпер

  6. Бен Шелтон

  7. Новак Джокович

  8. Алекс де Минаур

  9. Карен Хачанов

  10. Лоренцо Музетти

 Әйелдер арасында:

  1. Арина Соболенко

  2. Ига Швёнтек

  3. Коко Гофф

  4. Джессика Пегула

  5. Мирра Андреева

  6. Мэдисон Киз

  7. Жасмин Паолини

  8. Аманда Анисимова

  9. Елена Рыбакина

  10. Эмма Наварро

Қазақстандық теннисшілерден кімдер қатысады?

 

US Open 2025 турнирінде Қазақстан атынан бес теннисші қатысады:

  • Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 10-орында) турнирді аргентиналық Джульетта Парехаға (WTA 338-орын) қарсы матчпен бастайды.

  • Юлия Путинцева (WTA рейтингінде 54-орын) алғашқы айналымда итальяндық Элизабетта Коччареттомен (WTA 87-орын) кездеседі.

  • Александр Бублик (ATP рейтингінде 24-орын) тәжірибелі хорват ойыншысы Марин Чиличпен (ATP 61-орын) ойнайды.

  • Александр Шевченко (ATP рейтингінде 89-орын) испандық Алехандро Давидович-Фокинамен (ATP 18-орын) күш сынасады.

  • Анна Данилина жұптық сында ғана ойнайды. Турнир кестесі әлі жарияланбады.

 

Матчтардың кестесі мен нақты уақытын usopen.org сайтынан қарауға болады.