Астанада шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы кезеңдері өтеді

Дастан Кенжалин

2025 жылдың 7–9 қарашасы және 13–15 қарашасы аралығында елордадағы «Алау» мұз сарайында шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының бірінші және екінші кезеңі өтеді, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: ҰОК

Бұл жарыстарға Қазақстан, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, Канада, АҚШ, Нидерланд, Польша және өзге де шорт-трек бойынша алдыңғы қатарлы 27 елден 150-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.

Жас спортшылар 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасында 3000 метрлік және аралас құрамда 2000 метрлік эстафетада бақ сынайды.

Қазақстан құрамасы сапында Полина Омельчук, Анастасия Галечина, Богдан Вехов, Павел Цой, Нұрия Алпысбай, Қасымбек Асылхан, Гүлдана Жалмұхан, Тамирлан Жолдас, Райана Манарбекова, Мадияр Мадихов және Мейіржан Төлеген өнер көрсетеді.

"Астанада шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының екі кезеңін өткізу - тек біздің федерация үшін ғана емес, жалпы қазақстандық спорт үшін де маңызды оқиға.

Біз ISU аясындағы жарыстарды тағы да қабылдап, жас спортшыларға әлемнің мықты қарсыластары алдында өз елінде өнер көрсетуге мүмкіндік беріп отырғанымызға қуаныштымыз.

Бұл Қазақстан үшін жоғары ұйымдастырушылық деңгейімізді, қонақжайлығымызды және қысқы спорт түрлеріне деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге үлкен мүмкіндік", – деді Қазақстан конькишілер одағының бас хатшысы Анжелика Макишева.

Көрермен үшін кіру тегін.