Сенсация! Олимпиадаға қатысудан бас тартқан Путинцева әлемнің 2-ракеткасын жеңді

Дастан Кенжалин

Теннистен АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінде Юлия Путинцева әлемнің 2-ракеткасы америкалық Кори Гауфты жеңіп, сенсация жасады, деп хабарлады Ulyssport.kz.

Қазақстан теннис федерациясы

Путинцева қарсыласын жеңгеннен кейін әлемнің турнирінің үшінші айналымына шықты.

ЕНДІ ПУТИНЦЕВА ПАУЛА БАДОСАМЕН ОЙНАЙДЫ

Бірінші партияда Путинцева Кори Гауфты 6:4 есебімен жеңсе, екіншісінде Гауфф 6:2 есебімен есе қайырды. Ал үшінші, шешуші сетте Путинцева 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Енді Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің бұрынғы екінші, қазіргі 37-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен кездеседі.

Соңғы қырық жылда Юлия Путинцева ТОП-30-қа кірмесе де, бір маусымда түрлі төсеніште WTA үздік екі ойыншыларын жеңген төртінші ойыншы атанды.

РЫБАКИНА ЖЕҢІЛІП ҚАЛДЫ

Осы турнирде еліміздің атынан Олимпиадаға қатысудан бас тартқан тағы бір теннисші Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады.

Ол жарысты екінші айналымнан бастап,  әлемнің 27-ракеткасы, канадалық, 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының финалисі Лейла Фернандестен жеңіліп қалды. Бұл Рыбакинаның денсаулығына байланысты Париж Олимпиадасында қатысудан бас тартқаннан кейінгі алғашқы ойыны еді.

Рыбакина екі сағат 35 минутқа созылған ойында 20 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Канадалық спортшы 5 эйс, 6 брейкпен (17 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Л.Фернандес ширек финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, ресейлік Диана Шнайдермен ойнайды.

Е.Рыбакина былтыр да Цинциннатиде үшінші айналымнан аса алмаған еді.

Бұған дейін теннистен еліміздің көшбасшысы Елена Рыбакинаның АҚШ-тағы бәсекеде өнер көрсететіні хабарланған еді.