"Қысқа уақытта қабылданған шешім". Елена Рыбакина эксклюзив сұхбат берді

Ерик Ильясов

Елена Рыбакина US OPEN турниріндегі алғашқы жеңісінен соң, ulyssport.kz редакциясына эксклюзив сұхбат берді.

Ашық дереккөз

Ең алдымен әлемнің төртінші ракеткасы матчқа қатысты қысқаша мәлімет берді. Рыбакина бірінші айналымда рейтингісі төмен Аустралия теннисшісі Дестани Габриелла Айявиге қарсы ойнап, 6:1, 7:6(7:1) есебімен ұтқан еді.

Сосын бұрынғы бас жаттықтырушысы Стефан Вуков туралы алғашқы сұраққа жауап берді. Өйткені Елена өткен аптада хорватиялық бапкермен ынтымақтастықты тоқтатқанын әлеументтік желідегі парақшасында мәлімдеген.

Біз бес жыл бірге болдық. Бұл туралы көп айтқым келмейді. Алдын ала жоспарламадым. Қысқа уақытта қабылданған шешім. Дәл қазір Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Щукин көмек көрсетіп жатыр. Басқа бапкерлерді байқап көремін. Уақыты келгенде хабарын айтамын.

Сонымен қатар теннисші екінші жартыжылдықтағы жетістіктерін бағалап, алдағы уақытта теннистегі техникасы бойынша қандай өзгерістер жасағысы келетінін айтты.

Соңғы кездесулерде допты ойынға қосу кезінде және концентрациямда мәселелер жиі болды. Сондай-ақ тактикалық жағынан да олқылықтар баршылық. Спортта команданы ауыстырған қалыпты жағдай” ,-  деді Рыбакина.

Ulyssport: “Білуімізше, Словакияда жаттығып жүрсіз. Енді Стефанмен жұмыс істемейсіз. Сол жақта жаттығуды жалғастыра бересіз бе?”

Елена Рыбакина: “Маусымға қарай көреміз, өйткені дәл қазір айту қиын. Мен кейде Дубайда, кейде Братиславада жаттығамын. Мүмкін болашақта жаттығу базамды ауыстыратын шығармын”.

Ulyssport: “Ауа-райы туралы айтыңызшы, Нью-Йоркте ойнау қиын ба? (Еленаның беті ыстықтан қызарып кеткен)

Елена Рыбакина: “Ойнау қиын, ыстық. Негізінде барлық жерде осындай жағдай. Бүгін екінші сетте жағдай шамалы жақсарды, күннің бағыты өзгерді”.

Сұхбат соңында келесі айналымдағы қарсыласы Джессика Понче (Франция) туралы сұраққа:

Спортшыны танымайды екенмін. Бұрын кездеспедік, - деп жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, Рыбакина бронхитке байланысты Олимпиадаға қатысудан бас тартып, АҚШ өткен турнирде сенсациялық түрде бірінші айналымда канадалық Лейла Фернандестен жеңіліп қалған еді.

 

Сұхбаттасқан Ерік Ильясов, US Open, Нью-Йорк