Елена Рыбакина тағы бір халықаралық турнирге қатысудан бас тартты

Редакция Ulyssport

Әлемнің төртінші ракеткасы, Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Бейжіңде (Қытай) өтіп жатқан WTA-1000 халықаралық турнирінде кортқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: ҚТФ

НЕ ҮШІН

Турнир баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рыбакинаның мұндай шешім қабылдауына арқасындағы жарақаты түрткі болған. 2023 жылы ол тура осы жарыстың жартылай финалына дейін жеткен болатын.

Рыбакина осымен үшінші турнирге қатысудан бас тартып отыр. Ол АҚШ-тың Ашық чемпионаты мен Сеулдегі Әлем чемпионатына қатыспады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақстан легионерлерді қаржыландыруды толық тоқтатады

Бұған дейін Бейжіңде өтіп жатқан турнирде әлемнің тоғызыншы ракеткасы, грек спортшысы Мария Саккари, әлемнің 10-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинз және әлемдік рейтинг көшбасшысы, польяк теннисшісі Ига Швентек өнер көрсете алмайтынын мәлімдеген. Өткен жылғы финалда Швентек ресейлік теннисші Людмила Самсонованы 6:2, 6:2 есебімен жеңген.

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) 2024 жылдың 16 қыркүйегінде рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады. Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлі күнге дейін төртінші орнын сақтап тұр.

РЫБАКИНА ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА ДА ҚАТЫСПАДЫ

Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына да қатыспаған еді. Соның алдында ол Түркияның Бодрум қаласында демалып жатқан сәтін Instagram әлеуметтік желісіне салған. Елена Рыбакина бұған дейінгі Wimbledon үлкен дулыға бәсекесінде жартылай финалға дейін жетіп, Чехия өкілі Барбора Крейчиковаға 6:3, 3:6, 4:6 есебімен есе жіберген болатын.

Мәскеуде туып, спорттағы алғашқы жетістіктеріне сол жақта жеткен Елена Рыбакина 2018 жылдың маусымынан бері Қазақстан туы астында өнер көрсетіп келеді. Алайда кезінде Рыбакина Қазақстан азаматтығын алғанына қарамастан, Мәскеуде тұрады деп сынға ұшыраған. Рыбакинаның өзі бұл сынға әр апта сайын сапарда жүретінін, Словакияда жаттығып, Дубайда жиын өткізетіндіктен ешқайда түрмайтынын айтып жауап берген.

Еске салсақ, бұған дейін президент шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтқан еді.