Шанхай аренасында Джоковичті ресми түрде “GOAT” деп шақырды

Ерик Ильясов

Бүгін Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан Rolex Shanghai Masters турнирінің екінші айналымдық матчында Сербиялық теннисші Новак Джоковичті кортқа “GOAT” атағымен ресми түрде шақырды. Теннис тарихында бүгінге дейін мұндай мәртебе ешкімге көрсетілмеген, деп хабарлайды ulyssport.kz

ATP Tour

Ағылшын тілінен аударғанда GOAT (Greatest of All Time) “Барлық уақыттың ең ұлысы” дегенді білдіреді. Футболдан Әлем чемпионатынан кейін спорт жанкүйерлері бұл лақап атты футболшы Месси арқылы білетін.

Париж Олимпиадасының алтын медаль иегері, 24 дүркін Үлкен дулыға турнирлерінің чемпионы, 428 апта бойы әлемнің бірінші ракеткасы болған, жекелей сында 99 титулы бар Джокович расында теннис тарихындағы бүкіл рекордты жаңартқан жалғыз спортшы. Осы жылдың тамыз айына дейін тек Олимпиада алтыны жетіспей жүрген еді. Париждегі жетістігінен кейін теннис қауымы сербиялық спортшыға “GOAT” мәртебесін лайық көрді.

Бүгін маған ерекше ықылас көрсетілді. Ресми түрде мені осылай таныстырып, кортқа шығару үлкен мәртебе. Қытайға соңғы рет 5 жыл бұрын келіппін. Көп уақыт өтті. Жанкүйерлер тарапынан осыған дейін болмаған ерекше қолдауды сезіндім. Бұл менің әрі қарай ойнауыма мотивация береді, –  деді Джокович матч соңында.

Әлемнің экс-бірінші ракеткасы Азия құрлығында соңғы рет Астанада ATP500 Astana Open турнирінде ойнап, жеңіске жеткен еді. Ал Қытайда Қорытынды финалдық турнирді (Шанхай, 2008 жыл), Пекин ашық біріншілігін 6 рет, сондай-ақ дәл осы Шанхай Мастерс турнирін 4 рет жеңген.