Жаңа басшы, жаңа бапкер келген "Барыс" тағы ойсырай ұтылды

Редакция Ulyssport

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты маусымында «Локомотивтен» жеңілді. Ярославльдегі кездесу 1:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

ХК "Барыс"

Жеңімпаздар арасынан Дмитрий Симашев (18-минут), Егор Сурин (33-минут) және Алексей Береглазов (60-минут) гол соқса, Әлихан Әсетов 55-ші минутта, шайба салып, көзге түсті.

АЛҒАШҚЫ СЫНАҚ

Бұл матч қазақстандық Ғалым Мәмбеталиевтің биылғы маусымда «Барыстың» бас бапкері ретіндегі алғашқы кездесуі болды. Астаналық командасының бұған дейінгі жаттықтырушысы ресейлік Вячеслав Буцаев Мәмбеталиевтің көмекшісі болып қалғысы келмей, елордалық клубтан кеткен еді.

БАПКЕР ПІКІРІ

«Барыстың» жаңа бапкері ҚХЛ көшбасшысымен болған ойынның нәтижесі жайлы пікір білдірді.

«Жігіттерге бұл қиын ойын болатынын ескерттік, қателер бар, біз оларды түзетеміз, біреу ойыннан шығып кетті, біреу өз ойынын көрсетті. Біз барлық компоненттермен жұмыс істеуіміз керек», - деді Мәмбеталиев.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

Осылайша «Локомотив» 30 ұпаймен Батыс конференциясы кестесінің көшін бастады, ал «Барыс» 17 матчта 14 жеңіліске ұшырап, 7 ұпаймен Шығыс кестесінде соңғы, 12-ші орында тұр.

КЕЛЕСІ МАТЧ

Астаналық команда келесі ойынын 21 қазанда Минскінің «Динамосына» сырт алаңда өткізеді.

КОМАНДАДАҒЫ АУЫС-ТҮЙІС

Еске сала кетесек, жуырда ғана Ғ.Мәмбеталиев «Барыстың» бас бапкері ретінде ресейлік Вячеслав Буцаевты алмастырған болатын. Одан бөлек, клуб басшылығында да өзгерістер болды.

Кейінірек клубтың барлық легионерлерімен қош айтысқаны да белгілі болды.