Хоккей: «Барыс» бір де бір шайба салмаған легионерге 74 млн теңге төлемек

Редакция Ulyssport

Астаналық «Барыс» хоккей клубы келісімшартты бұзғаны үшін шабуылшы Чейз ДеЛеоға 74,7 миллион теңге көлемінде өтемақы төлейтін болды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

"Барыс" ХК

Shaiba.kz хабарлағандай, елордалық клуб команда шабуылшысы Чейз ДеЛеоға 74,7 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. 

Айта кетерлігі, биылғы маусымда «Барыс» құрамындағы 28 жастағы америкалық хоккейші құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты маусымында команда сапында тоғыз матч өткізіп, еш ұпай салмаған.

Бұған дейін «Барыста» елеулі өзгерістер болған еді.

Жаңа бас директор болып Борис Иванищевтің мұрагері болған Нұрлан Оразбаев тағайындалды.

Бас менеджер Олег Болякин де қызметінен босатылып, команданың тізгінін бас бапкер ретінде ресейлік Вячеслав Буцаевты алмастырған қазақстандық Ғалым Мәмбеталиев қолға алды.

Осы өзгерістердің ізін ала Натан Болье, Уилл Батчер, Майкл Маклеод, Даниил Апалков және Владислав Кодола сынды ойыншылар клубтан кетті.

Жеті ұпайы бар астаналықтар 17 матчта 14 жеңіліске ұшырап, Шығыс конференциясы кестесінде соңғы 12-ші орында тұр.