Рыбакина жылдың қорытынды турнирінде ұтылып қалды

Редакция Ulyssport

Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде екінші матчын өткізді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде өзінен екі саты төмен тұрған қытайлық Чжэн Циньвэньмен ойнады.

Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, Рыбакина жеңген болатын.

Бұл жолы бірінші партияда қытайлық теннисші 4:1 есебімен алға шықты. Рыбакина таразы басын теңестіргенімен, тай-брейк Циньвэньнің еншісінде кетті – 7:6 (7:4). Екіншісінде Елена есе қайырды – 6:3.

Алайда үшінші, шешуші сетте қытайлық теннисші басымдылық танытты – 6:1.

Екі сағат 27 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Циньвэнь 6 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Е.Рыбакина өз тобындағы соңғы кездесуін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен өткізеді.