«Барыс» ҚХЛ чемпионын 2:1 есебімен жеңді

Редакция Ulyssport

Астананың «Барыс» хоккей клубы ҚХЛ-дың кезекті туры аясында өз айдынында Магнитогорсктың «Металлург» командасын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Sportbox

Ойын бастала салысымен «Барыс» қарқынды шабуылға көшкен. Небәрі екінші минутта Максим Мухаметов есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Алайда, араға санаулы минут салып «Металлург» ойыншысы Силантьев есепті теңестірді.

Ал екінші кезеңде Кирилл Панюков «Барыстың» екінші шайбасын соқты. Мұнан кейін қос команда да қақпаға шайба дарыта алмады, ойын соңына дейін осы есеп сақталды.

Маусымда өте сәтсіз бастаған «Барыс» екі рет бас бапкерін ауыстырып, қазір команданы Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтырып жатыр. Ол келгенге дейін турнир кестесінің соңғы сатысында болған астаналықтар қазір 11-орынға көтеріліп, плей-офф аймағына жақындай түсті.

Айта кету керек, «Металлург» ҚХЛ-дың соңғы маусымында чемпион атанған. Биыл да негізгі фавориттердің қатарында.

Келесі ойынды «Барыс» өз алаңында «Авангардқа» қарсы өткізеді.