"Барыстан" балық бизнесіне кеттім" – бетбұзар Рыспаев қазір қайда жүр

Редакция Ulyssport

"Барыс" сапында жүріп, мұз айдында қытайлық команданың бірнеше ойыншысын соққыға жыққаны үшін спорттан шеттетілген қазақстандық хоккейші Дамир Рыспаев қазір ШҚО-да балық шаруашылығымен айналысып жүр, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Ашық дереккөзден

Спортшы бұл туралы 1bol.kz ақпараттық сайтына берген сұхбатында айтып берді.

Рыспаевтың балық бизнесінен нәпақасын тауып жүргеніне төрт жылға жуықтаған.

«Екі қолға бір күрек табылады» деген сөз бар ғой. Сондықтан шамамыз келгенше тырысып жатырмыз. Бүгінде серіктеріммен бірге ШҚО-ның Ұлан ауданында балық өсіру шаруашылығымен айналысып жүрміз, соның ішінде форель өсіреміз. Осы уақыт аралығында бүкіл елдің сұранысын қамтамасыз ететін жағдайға жеттік деп айта алмаймын, бірақ қаланың бір бөлігіне жетеді. Бәрі ақырындап болады ғой», дейді Дамир.

Сондай-ақ ол табиғаты көрікті Тайынты өзенінің жанында балаларға арналған лагері де жұмыс істейтінін, онда 70 баланы қабылдауға мүмкіндік бар екеніне тоқталды.

Бұдан бөлек ол “Барыс” клубындағы соңғы басшылық және командалық өзгерістерге де пікір білдірді.  

“Жыл басында басшылық пен бапкерлерге толықтай карт-бланш берілді. Себебі соңғы екі жылда клуб плей-офф кезеңіне шыққан жоқ. Биылғы маусымға артылған үміт зор еді. Сондықтан легионерлерді сатып алуға қатысты көптеген тәуекелшіл әрі батыл шешімдер қабылданды. Сол ойыншылар басты міндетті орындауы керек болатын. Бірақ іс жүзінде жоспар жүзеге аспай қалды”, деді ол.

Дамир Рыспаев легионерлері көп болған, бапкері де бірнеше рет ауысқан “Барыстың” маусымдағы сүреңсіз ойынына қатысты да ойын жеткізді. 

“Сатып алынған легионерлердің статистикасын қарасақ, олар NHL-де және ҚХЛ-де жақсы өнер көрсетіп жүрген ойыншылар. Бірақ ойынға әсер ететін жайттарды ұмытуға болмайды. Кейде адамға бөтен ел, басқа команда, менталитет әсер етуі мүмкін. Мұхит асып келген адам бейімделіп те үлгермеген болар. Негізі ойыншыларды бапкерлер таңдайды ғой. Бірақ спортта қате таңдауға да орын бар. Кез келген бастама сәтті бола бермейді”, дейді “Барыстың” бұрынғы ойыншысы.

Бұдан бөлек ол, мұз айдындағы төбелеске көбіне өзі бастамашы болатынын, кейде бапкер белгі беретінін айтып өтті. Ол хоккейдегі төбелес қалыпты жағдай екенін және тафгай командаға рух, жігер берсе, көрермен үшін нағыз шоу сыйлайтынын атап өтті.

Еске сала кетсек, Дамир Рыспаев 1995 жылы 25 сәуірде Өскемен қаласында дүниеге келген. Хоккеймен бала күнінен айналысқан. 

2011 жылдан бастап “Барыс-2”, “Снежные барсы”, “Беркут Кар”, “Номад”,  “Барыс” және “Торпедо” хоккей клубтары сапында өнер көрсетті.

2011/12 маусымынан бастап «Барыс» клубының командалық жүйесінде өнер көрсетті. Осы жылдар ішінде «Барыс» сапында Қазақстан чемпионатында 53 ойын, МХЛ-да 65, ҚХЛ-да 23 ойын өткізген. Жасөспірімдер (2013) және жастар (2015) әлем чемпионаттарының қатысушысы.

Оның 2015 жылғы 19 қараша күнгі Евгения Артюхинмен болған төбелесі жанкүйерлер арасында «Жыл төбелесі» атанды.

2016 жылғы 8 тамызда Астанада ҚХЛ дебютанты қытайлық “Куньлун Ред Стар” клубымен 2016 жылғы Қазақстан Президенті Кубогы үшін болған матчтың басында «Барыс» көшбасшысы Дастин Бойдтың сынған аяғы үшін (ол үш ай бойы алаңға шықпаған) бейжіңдіктерден «кек алу» жолында мұзда қырғын жасады. Дамир осы қылығы үшін 18 тамызда белгісіз мерзімге дисквалификацияланды.