Ауыр салмақтағы UFC-нің уақытша чемпионы британдық Том Аспиналл (15-3) 2025 жылғы әлемнің ең үздік лигасының барлық чемпиондарына болжам жасады, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Әңгіме барысы қазақстандық Шавкат Рахмонов (19-0) өнер көрсететін жартылай орта салмаққа келгенде, Аспиналл TNT Sports-тегі өзінің болжамында палестиналық-америкалық Белал Мұхаммедті (24-3) лайықты бағасын алмаған спортшы ретінде атап өтіп, келесі жылы оның чемпиондық атағын қорғайтынын болжаған.
Көпшілікке белгілі, Рахмонов пен Мұхаммед 8 желтоқсанда Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFC 310 турниріне жекпе-жекке шығуды жоспарлаған еді. Алайда Белал денсаулығына байланысты кездесуден бас тартты. Оның орнына шыққан ирландиялық Иэн Гэрри (15-1) бес раундтың қорытындысы бойынша төреші шешімімен Шавкаттан ұтылып қалды.
Осы жетістігінің арқасында Рахмонов UFC жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша рейтингте үшінші орыннан екінші орынға көтерілді. Айта кетерлігі, Nomad спорттық мансабында бірінші рет мерзімінен бұрын жеңе алмады, ал Гэрри өзінің алғашқы сәтсіздігіне ұшырады.
Енді Мұхаммед чемпиондық белбеуін Рахмоновқа қарсы жекпе-жекте қорғауы керек.
ТАҒЫ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Шавкат Рахмонов Иэн Гэрримен болған кездесуден қанша табыс тапқаны белгілі болды.