Аустралияның Сидней және Перт қалаларында теннистен аралас командалық сында өтіп жатқан United Cup турнирінің С тобында Қазақстан құрамасы Грекияны тізе бүктірді, деп хабарлайды Ulyssport.kz порталы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екінші ойында әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина мен дүниежүзілік рейтингіде 32-орында тұрған Мария Саккари шеберлік байқасты. Саккари — кезінде әлемдік рейтингіде 3-сатыға дейін көтерілген теннисші. Бірінші партияны Рыбакина брейкпен түйіндей алды — 6:4. Екінші сетте Елена бірден брейк жасап, алға кетті — 2:0. Тағы бір брейк — 4:0. Дегенмен матчқа доп бергенде, Саккари брейк жасап кетті — 2:5. Бәрібір жеңіс Рыбакинаның еншісінде қалды — 6:3.
Осылайша, Қазақстан — Грекия матчында Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді.
Өз тобында Испания мен Грекияны жолдан тайдырған Қазақстан плей-офф кезеңіне жолдама алды. Қазақстандықтар жаңа жылдың алғашқы күні ширек финалда Е тобында (Қытай, Бразилия және өткен жылғы жеңімпаз Германия) 1-орын алған құрамамен ойнайды.