Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Страсбург (Франция) WTA 500 турнирінде топ жарды, деп хабарлайды Ulyssport.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина финалда әлемнің 19-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен кездесті.
Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай білді. Содан кейін дес берген жоқ – 6:1. Екінші сетте Елена брейкпен алға шыққанымен, Самсонова сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Тай-брейкте ресейлік спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:2). Үшінші, шешуші сетті Рыбакина брейкпен бастады – 3:0. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры матчты кезекті эйспен түйіндеді – 6:1.
Осылайша, биылғы маусымда алғашқы титулына қол жеткізген Елена142 610 еуро табысқа қоса 500 рейтингілік ұпайға ие болды.