Милан мен Кортина д’Ампеццода (Италия) өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дейін тура бір ай қалды. Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар Олимпиада жолдамалары үшін күресіп жатыр. Сондай-ақ отандастарымыз кейбір спорт түрлерінде ойындарға қатысуға мүмкіндік алып үлгерді, деп хабарлайды Ulyssport.
2026 жылғы Олимпиадаға іріктеу бірнеше спорт түрі бойынша ресми түрде аяқталды. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасының спортшылары мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру спортынан іріктеу кезеңінен өтті.
Мәнерлеп сырғанау
Алғашқы Олимпиада жолдамаларына Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина ие болды. Олар АҚШ-тың Бостон қаласында өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында іріктеудің барлық талаптарын орындады. Айта кетейік, Михаил Шайдоров аталған жарыста күміс жүлдеге қол жеткізді.
Алдағы Олимпиададағы мәнерлеп сырғанау бәсекелері 6 ақпанда басталады. Жекелей сырғанауда мұз айдынына алғаш болып ерлер шығады. 10 ақпанда қысқа бағдарлама, ал 13 ақпанда еркін бағдарлама өтеді. Әйелдер арасында өтетін сайыс 17 ақпанда басталып, 19 ақпанда еркін бағдарлама көрсетіледі.
Шорт-трек
Шорт-тректен Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан төрт спортшы сынға түседі. Әлем кубогының төрт іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ұлттық құрама Италияда тоғыз дисциплинада өнер көрсетеді. Бапкерлер штабы спорттық тәртіпке сай Олимпиада құрамын жасақтады. Оның қатарына мына спортшылар енді:
- Денис Никиша (500 және 1000 метр, аралас эстафета);
- Абзал Әжғалиев (500 метр, аралас эстафета);
- Ольга Тихонова (500, 1000, 1500 метр, аралас эстафета);
- Яна Хан (500 және 1500 метр, аралас эстафета).
Алғашқы жүлделер 10 ақпанда сарапқа салынады. Осы жарыс күні Қазақстан құрамасы бақ сынайтын аралас эстафетада жартылай финалдар мен финалдық сайыстар өтеді. Сонымен қатар әйелдер арасында 500 метрге, ерлер арасында 1000 метрге алдын ала кезеңдер ұйымдастырылады. Шешуші бәсеке 11 ақпанға жоспарланған.
14 ақпанда қазақстандық шорт-трекші қыздар 1000 метр қашықтықта жарыс жолына шығады. 16 ақпанда 500 метрде бақ сынайтын қазақстандықтар Олимпиададағы өнерін бастайды. Ал 20 ақпанда Қазақстан әйелдер арасында өтетін 1500 метр қашықтықтағы сайыста жүлде үшін таласқа түседі.
Конькимен жүгіру спорты
Қазақстандық конькимен жүгірушілер алдағы Олимпиадада 12 дисциплина бойынша медаль үшін бақ сынайды.
Қазақстан ерлер арасында өтетін 500 метрлік қашықтықта сынға түседі. Ал әйелдер арасында қазақстандық спортшылар төмендегідей қашықтықтар бойынша Олимпиада жолдамаларын жеңіп алды:
- 500 метр - 2 жолдама
- 1000 метр - 2 жолдама
- 1500 метр - 2 жолдама
- 3000 метр - 2 жолдама
- 5000 метр - 1 жолдама
- масс-старт - 1 жолдама
- әйелдер арасындағы командалық із кесу жарысы - 1 жолдама
Қазақстандық конькишілер Олимпиада аясында алғаш рет 7 ақпанда мұз айдынына шығады. Бұл күні әйелдер арасында 3000 метр қашықтықта жеңімпаздар анықталады.
9 ақпанда әйелдер 1000 метрде жарысса, 12 ақпанда 5000 метр қашықтықтағы жүлделер сарапқа салынады.
14 ақпанда ерлер 500 метрде бақ сынап, сондай-ақ әйелдер арасындағы командалық із кесу жарысында іріктеу кезеңдері басталады.
15 ақпанда әйелдер арасында 500 метр қашықтықта жүлделер сарапқа салынады. 20 ақпанда қазақстандық спортшылар 1500 метрде, ал 21 ақпанда масс-стартта өнер көрсетеді.
23 қаңтарда барлық ел арасындағы квоталарды қарау және қайта бөлу қорытындысы бойынша Олимпиадаға қатысатын спортшылардың түпкілікті тізімі жарияланады. Конькимен жүгіру спортынан Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың ең көп саны – 168 адам.
Қазіргі таңда көптеген спорт түрлерінде іріктеу кезеңі әлі де жалғасып жатыр. Олар 19-20 қаңтарда аяқталады.
Еске салайық, Италияда өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында өтеді.